Болашаққта журналистика 140 символ ғана болаД дейд…

ГИПОТЕЗА

leave a comment »

(Ерлан Оспанша)
– Бәке, мына қызықты қараңыз! – деді, жарты сағаттан бері таңертеңгі газеттен бас алмай отырған Қапсиық.
– Е, не бопты?! –деді, Бабырсейіт, профессорларға тән паңдықпен. Бұл атаққа күні кеше ғана қолы жетсе де, профессорлық тыныс-тіршілік алғышарттарын әп-сәтте-ақ үйреніп алды.
– Мына жерде Байкал көлі туралы жазыпты.
– Ал? – деген кезде, Бабырсейіттің дауысы да жүзі маңқ еткен төбетті елестетті.
– Бұған дейін Байкал көлінің атауы, – деп жазыпты газет, – якуттардың жалпы мағынасы «байкөл» деген мағына беретін «бай» және «кель» деген сөздерінен құралған деп айтылып келді. Егер Байкалдың балыққа бай екенін ескерсек, мұндай атау қисынға келетін секілді. Алайда, лингвисттердің соңғы зерттеулерінен кейін түйген тұжырымдары, көл атауы түркі-моңғолдың «байғал» деген сөзінен туындайды екен. Бұл сөздің тікелей мағынасы «үлкен су», «көп су» деген түсінік. Байкал жағалауының буряттары да көлді Байгаал-Далай деп атайды екен, өз тілдерінде бұл тіркес «теңіздей ауқымды су» деген мәнге ие, деп жазыпты мұнда.
– Тү-үһь, осыны да жаңалық деп… Әлемнің тілдерінің қолданысында жүрген сөздердің тең жартысы біздің тілімізден шыққан! – деді, профессор, кофесін ұрттап қойып. Онсыз да салмағынан сықырлап, сынғалы тұрған орындықтың арқалығына танауының ішіндегі қылшық-қыбырды көрсеткісі келгендей шалқая кетіп, жас оқытушыға, менсінбей бір көз тастады.
– Өй, Бәке, сіз де айтасыз-ау… «Африка – Қапырық», «Бразилия – Біраз ел» деген сияқты күлкілі гипотезаларды тап сіздің аузыңыздан естимін деп ойламаппын.
– Е! Неге екен… Сен не, бұл тұжырымдарды далбаса деп ойлаймысың?!
– Өй, Бәке, студент емессіз ғой – мұның бәрін менен де жақсы білесіз, сайып келгенде.
– Е, әрине, жақсы білем. Сенен жақсы білгендіктен де, айтып отырмын мұны саған. Біле-білсең менің ертең қорғағалы жатқан докторлық диссертациямның да бір бөлігі осындай түркі тілінің этнонимдеріне арналған. Сен білсең, жаңағы айтып отырған буряттарың, қазақтың, «бөрі аты» деген тіркесінен шыққан. Яғни, аты – бөрі, заты да – бөрі!
– Ық-ықы-ық… Мынауыңыз бір жақсы анекдот екен. Ай, Бәке, әзілді де айта біледі екенсіз өзіңіз… ық-ық… «бөрі аты»… ық-ық… келмейтіні жоқ екен басыңызға.
Бабырсейіттің ыстық кофеден тершіп отырған маңдайы, әп-сәтте, шифоньердің түбінде умаждалып, жатып қалған көйлектей бола қалды. Сол қыртыстардың астыңғы жағындағы жалбыр қастың бір шеті қоңқақ мұрынның үстіңгі жағы болуы тиіс айлақта түйісе қалса, қалған екі шеті, «Монтана» компаниясының логотипіндегі қырансымақтың қанатындай екі жаққа қайқайып кетті.
– Сен…сен… не деп, жөргегіңді дымдап отырсың, шырағым?! Мен… мен… мұндай тұжырым жасау үшін неше жыл еңбек еткенімді білесің бе, сен? – деп айқайлап жіберді, жасы елуден жаңа ғана асқан болашақ ғылым докторы атанбақшы профессор, университет асханасын басына көтеріп.
– Жоқ, Бәке, сіз мені дұрыс түсінбедіңіз. Мен сіздің ғылыми еңбегіңізге еш күмән келтіріп отырғаным жоқ. Бірақ, мына бір тұжырымдарыңыз… қисынға келмейді, енді, Бәке.
– Әй, бала, бері қара… Мен сенің жасыңда кандидат атанғанмын. Ол Кеңес үкіметінің кезі, это тебе не шәләй-бәләй… Со кезден бері, осы тектес зерттеулермен айналысып келемін…
Бабырсейттің маңдайындағы шым-шым терді көрген Қапсиық, «қан қысымы көтеріліп, жүріп кетіп жүрер. Бәлесінен аулақ» деген оймен, келіскендей сыңай танытып, басын изей берді.
– Вот солай… Сендер әбден космополит болып кеткенсіңдер ғой. Қазіргі жастарды айтам. Өңшең маргинал. Ұлтжандылық дегеннен жұрдайсыңдар, түге.
Қапсиық, жымиды да газетіне үңілді. Бабырсейітке оның бұл қарекеті өзін келемеждегендей көрінді де, ол, әңгімесін қайта бастады.
– Сен сенбей отырсың ғой, ә? Онда тыңда мені бала…
– Жо-жоқ, Бәке, имандай иландым.
– Жоқ, сен сенбей отырсың. Бері қара… Түркілердің тотемі қасқыр, то есть, бөрі болғанын білесің ғой?! Мысалы, соның адами антропонимдерін айтайын саған. Буришад – Бөрішад, Шығыс-түркі қағанатының ханы Бұрыхан – Бөріхан, славяндардың Борис деген есімі – қазақтың Бөріс деген сөзіне шыққын. Бірақ, соңғысын кішкене зерттеу керек, оның түп-төркіні Барыс сөзі де болуы мүмкін…
– Ық-ық…
– Ей, сені мені келемеждеп отырмысың?
– Жо-жоқ, Бәке, кофеге шашалып қалдым.
– Е, бәсе! Әрі қарай тыңда… Сенің білмейтінің көп. Славяндардың Борислав деген есімі де Бөріслав деген сөзден шыққан. Ал, ана ертегідегі Карабас-Барабас бар ғой, соның шындығында түп-тамыры Бөрібас, яғни, Бөрібасар деген сөзден шығатындығын таптым мен. Бирюковтарды білесің ғой… Вот солар да, бастауын бөріден алады. Сосын, ағылшындардың Курт есімі «құрт» деген сөзден шыққан.
– Ық-ық…
Бұ жолы, Қапсиықты ақыры сендірдім-ау деген сенімділіктен, шабыттанып кеткен Бабырсейіт оның кезекті шашалғанына мән де бермеді. Ал, Славяндарға қатысты тұжырымдарына Олжекеңе арқа сүйеген ғой деп отырған Қапсиық, ағылшындар деген кезде, үстелдің астына кіріп кете жаздап, өз-өзін азар тежеді.
– Сол қазақтың, қасқыр мағынасын беретін «құрт» сөзінен, Башқұрт ұғымы қалыптасқан. Яғни, «бас бөрі», башқұртпен аналогия бойынша ұйғыр да шығады – «үйқұрт». Яғни, үй қасқыры. Ұйғұрлардың өздері арғы тектерін қасқырдан таратады емес пе, әлі күнге дейін? – деп, профессор сұраулы жүзбен, «мынадай тосын ғылыми жаңалықтардан», шашалып отырған Қапсиыққа бір қарады. Одан әрмен, арқаланып кетті. – Түркінің қасқырынан, сен білмейсің қандай сөздер бастау алатынын! Білесің бе? Әрине, білмейсің? Қайдан білейін деп едің, сен… Мұқият тыңда, бұл жаңалығымды бірінші болып сен ғана тыңдап отырсың. Бирюк, Борибоз – Бөрібоз, кейіннен Барбосқа айналған. Орыстың Борзая сөзі… өзімідің Бөрік, онан соң Бурка, Берет, тіпті Парик сөздері де Бөрі ұғымынан бастау алады білсең. Бәлкім, Браконьер сөзі де, басында Бөріқанар болған болуы мүмкін, екі аяқты жыртқыш деген сөз ғой, яғни, қанайтын бөрі. Буржуа сөзі де Бөріжуан – яғни, жыртқыш-капиталист! Бурбон ше?! Ал сен латындарша қасқырды қалай атайтынын білесің бе?
– Өй, жоқ, Бәке, қайдан білейін?!
– Білмесең, қойын дәптеріңе түртіп ал. Латынша қасқыр Лупос, қазақтың ұлы «Ұлы» және «Боз» деген сөздерінен қосындысы. Орыстар қасқырды серый деген де, қазақтар боз деп айтпаған деймісің?! Тіпті, орыстар да біз қасқырдың түсін түстегесін, өздерінің тіліне де енгізген болуы мүмкін. Сонымен, түсіндің ғой, Лупос – Ұлыбоз деген сөзден шыққан. Пес дегенің де, боздың деформацияға ұшыраған түрі.
– Ық-ық…
– Ал, сен, «жылан» деген атаудың қанша тілге ықпал еткенін білесің бе?
– Бәке, кешірерсіз, қазір сабағым бар еді, келесі жолы айтарсыз, келістік пе?
– Ә, жақсы. Мынау бір комиссия алдына барғанда асып-саспауға жақсы дайындық болды ғой…
Үстелден тұрып бара жатып, Қапсиық қуақылана:
– Бәке, Саркозиді де қосып қойыңыз еңбегіңізге! – деді.
– О, кім еді тағы?
– Николя Саркози – Францияның президенті.
– А-а, иә… Ал?! Оның не қатысы бар менің еңбегіме?
– Қалайша не қатысы бар?! Оның түбі қазақ деген қауесет бар…
– О, қалай?
– Ай, Бәке, фамилиясы айтып тұрған жоқ па, «Сарықозы». Қазақта Аққозы, Қарақозы деген батырлар болғанда, Сарысы болмады дейсіз бе?
– О, мынауың бір керек факті екен. Сарықозы дедің бе… Қазір түртіп алайын.
– Сосын, король Артур бар ғой… Оны да сарматтан шыққан деп жүр ғалымдар.
– Ал?! Тап сол сарматтан шыққанда да, оның не қатысы бар?
– Бәке, аты айтып тұр ғой, «Ар» «Тұр» – Арлытұр, арыңды сақта деген сөз емес пе?
– Иә, шынында да… Мынау бір табыла кеткен тарихи факті болды. Көрдің бе, сенің де қызығушылығың оянды. Осы диссертациямды қорғайын, иншалла, сосын, сен кандидаттыққа кіріс, осы тақырыпты жалғастырып. Ғылыми жетекшің өзім болам. Вот солай… Ал, давай, сабағыңнан қалма. Мен жазып алайын мыналарыңды: А-р-т-ұ-р…

Advertisements

Written by nurbergen_maqym

Шілде 15, 2009 at 11:33 тк

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: