Болашаққта журналистика 140 символ ғана болаД дейд…

СПОРТ ТУРАЛЫ КЕЗЕКТІ «КЕПТЕЛІС»

with 5 comments

Кеше ғана Марат Мәзімбаев промоутерлік компаниясының кезекті шоуын тамашаладық. Кезекті рет «Бұ қазақтың бағы кәсіби бокста екен ғой» деп ой түйдік. Кезекті рет, қарсыластарымыз өмір бойы осындай ілмигендер болса екен деп тіледік… ПАБА бойынша Азия чемпионы атағын алған қандасымызға да барлық белдік осылайша «өздігінен» келсе екен деп тіледік. Әдетте, белдіктің иелері «Менен атағымды тартып алғың келеді екен, ала алсаң, менің жеріме келіп алып кет!» деп шіренуші еді. Бұл жолғы боксшы «бағымызға» қарай, кішіпейіл екен, айналайын. Келесіде де солай болса екен…
Жә, менің ілгерідегі сөздерімнен қандай ма бір сарказм байқасаңыздар мұның бәрін менің субъективті күдікшілдігіме сілтей салыңыздар. Бірақ, жалпыға аян фактілердің «қазақ спортының жарқын болашағына» деген сенімге күмәнмен қарауға жетелейтіні бар.

Әңгімесі жоқ, бұл бокс мақтанатын спортымыздың бірі. Сөз жоқ, қазақ бокс мектебі КСРО дәстүріндегі шеберхана. Бірақ мұнда да соңғы кезі былғары қолғабымыздың бауы бос байланып жүргендей. Әйтпесе, өзбектердің ендігі жерде бізді болымды қарсылас көрмеуіне не дейсіз?! Биыл өткен әлем біріншілігі осыған дәлел. Ермахандар тістеніп отырып «бұрын біздерден бәрі қорқатын еді, қазір, ағылшының да, немісің де, қайдағы бір француздарда соққының астына алып жүр» деген еді. Білетіндердің мұндай әңгімелері «кезекті» тенденцияға айналып кетпес үшін, тездету керек… Кім? Қалай? Нені?
Спорттағы сәнқуарлық саясат сырлары
Өткенде бір сұхбатында палуан ағамыз – Жақсылық Үшкемпіров «амалсыздан» көршіден палуан алдыратынымызды жасырмады. Бозкілемнен алшақтай қоймаған тағы бір палуанымыз да сұхбатында, мұндай тенденцияның «амалсыз қажеттіліктен» гөрі спорт сахнасындағы кезекті «сән» екенін айтқан болатын. Ресейіңнен қазақ үшін күресуге адам алып, Қажымұқан атамыздың рухына сан мәрте спорт кешенін салып, «фэн-шуйдің» гармониясын «тушеге» салдық. Ой, пәлі…
Бірақ, бар ғой, Ресейден келіп, Бейжіңнен Қазақстанға күміс алып келген түйепалуан Таймураз Тегеевіңізді Оралда өткен біріншілікте біздің бір спортшымыз бозкілемдегі белдесудің бірінші бөлігінде-ақ белінен бір бүктеп тастаған еді. Бақсақ, Бейжіңге баратын лицензияны да ұтқан осы батырымыз екен. Онда Теймуразың неғып жүр, тегі? Бейжіңнің күмісін алған палуаныңды бұйым көрмеген батырымыз алтын алып келер ме еді сол бәйгеден деген үміт қой біздікі, сосын, мейлі бізді ұлтшыл, нәсілшіл һәм спорттың сұңғыла сырларын білмейді екен десеңіздер де, қазақтың намысын Ресейдің Қаптаулығынан көрі Қазақстанның қазағының жыртқаны дұрыс сияқты көрінеді, оның үстіне, одан шеберлігі артық болса…
Сонымен, спорт әлемінің сәні бойынша һәм тағы да бірқатар жазылмаған заңдары бойынша, бірқатар спортшыларымыздың бағы байланған. Қазақ комментаторларының арасында сәнге айналған, кезекті тіркес – «байрақты бәсекеде» байрағымыз байқалмай жатса, біліп жүріңіз бұл да біреулердің қалауы… Кімнің? Не үшін?
Астанамыз Астананың «Астанасы»
Астанамыз Астананың «Астана» клубындағы жағдайды да талай басылымдарда жалпағынан жазылып еді. Құдайға шүкір қазір, сәл саябырсығандай ма, қалай?! Вино үшін құрылған ұжымның, онсыз жұмыс жасағаны да – Еуропа спортының да кезекті жазылмаған заңдарының бірі: келе сала Еуропа спортсүйер қауымының да, оның БАҚ-ының да өзіне назарын аудартқаны кәрі құрлыққа ұнай қоймағандықтан, олар амбициясы зор «Астананың» айылын алпыс айласының бірімен жиғызды – қыруар қаражат Армстронгтер мен Контадорлардың қалтасында кетті, Асандар қалғанын місе тұтты. Биыл Винокуров та, Кашечкин де қатарға қосылды, алайда, «Астананың» шайтанарбаны ендігі де аяңға салып, абайлап айдайтыны айдан анық. Бұдан ағаш аттың мұндай бәйгелерге қатысып тұратынын кезекті рет ұқтық. Ұқпай жүрген кім? Қалайша?
Әйтеуір, келер жылы кәрі құрлыққа бас боламыз деп жүргендер емес қой? Солай болғай…
№1 спорт пен №1 тұлға – қисынсыз үндестік пе?
№1 спорттың (біздің жағдайымызда бұл да салыстырмалы деңгейде) еліміздегі жағдайын кезекті талқылау тағы жауабын кімнен алу керектігі белгісіз риторикалық сұрақтардың мысықша балалауына алып келеді. Ал жауабын алуға келгенде, ішкі біріншілік деңгейінің төмендігі де, премьер-лигадағы командалар санының қысқартылуындағы көзделген мақсаттың шын мәнінде нәтиже бермейтіні де, біріншілік ойындарының күнтізбесінің ыңғайсыздығы да, кұрамамыздың қылығы да кім болса, соның аузында жүрген қатын-өсек деңгейіне жетсе де, осы мәселелердің туындауының себебін де, оларды шешу жолдарын да білетін адамдар сөйлесе, міндетті түрде «сары кәртішке» көрсетілуі – заңдылық болып алды… Неге? Не үшін?
Естеріңізде болса, өткен жылы ҚФФ-ның жұмыс жасау әдістері мен сол кездегі ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Арно Пайперс туралы оларға «аса ұнай қоймайтын» пікір білдірген «Тобыл» футбол клубының бас жаттықтырушысы Дмитрий Огайдың басы бәлеге қалған еді. Бар болғаны сұраққа турасын айтып жауап берем деген оған 900 мың теңге айып салынды. Сол жылы «Шахтер» клубының бас жаттықтырушысы Реваз Дзодзуашвили де төреші жұмысына сын айтқаны үшін қыспаққа алынды. Содан, біздің футболшылар да, жаттықтырушылар да пікір айтуды қойған еді…
Біздің елге жуырда ғана келген Сергей Юранның да біріншіліктегі берекесіздікті бетке басам деп басы бәлеге қалды. Салынған айыппұлды қайтарып алса да, ендігі жерде тек ойыншыларына ғана ескерту жасай алатынын ғана түсінді. Оның шәкірттері «жұлдызды легионерлер» («жұлдызды пенсионерлер» жарасымдырақ сияқты. Бұл да өз алдына бөлек әңгіме, расында: бұл – кәсіби спорт, мұнда ұлтқа, нәсілге бөліну жоқ дегенді алға тартушылардың сөзіне де құлақ аса отырып, әсіре ұлтшылдығымызды да «ойыннан тыс» қалдырып, мынаны айтқымыз келеді: кәсіби спортшыларды тарту үшін, клубтар да кәсіби болуы тиіс, яки, осыншалықты біз асық болып жүрген батыстағыдай оны бизнес жоба деп қарағанда ғана, кәсіби спортшы мен әлемдік дәстүр және тәжірибе туралы сөз қозғауға болады, ал әзірше, біздікі жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын «шапито циркі» – келеді, көрсетеді, кетеді – орынын сипап қаламыз) Титов пен Тихонов та тілінің ұзындығының кесірінен құрығы ұзындардан ескерту алды.
Футболды бәрің жаманда, алайда, ҚФФ-ның ішкі саясатын түсінетін, білетін біреу тіс жарса, «қызыл кәртішкенің» де аса алыс қалтада жатпағаны анық аңғарылады.
Тым құрығанда №1-шінің елімізде аталған критерийге сай болуы шарт… дейді біздегі азаматтық позиция, сосын, ол үшін басшылыққа әккі менеджер керек дейді, ол тағы да. Әйтпесе, отанды қорғап жүргенде құрама қақпасын қорғауға, сценарийімен әртістерді ойнатып жүргенде ысқырықпен ойыншыларды ойнатуға уақыт болмайтынын біз түсінеміз. Ондашы, орынды босатса… Ох! Ұмытып кеткен екенбіз ғой, оның әуелден-ақ, лауазымнан бұрын, өмір бойы бірінші нөмірлі жейдемен жүретін ойыншыға жақындығыңызды танытатын титул екендігін. Ғафу етіңіз, біз – оффсайттамыз!
Оффсайтта қалған жалғыз біз емес…
Кейбір «батырларымыз» (неліктен тырнақшаға алды деп отырсаңыз айтайын: бұрын ел намысын қорғағандарды батыр дейтін ек, сондықтан да олар өмірінің ақырына дейін сол атақты қорғаумен болатын. Қазіргідей бір жаудың бетін қайтарып келіп, қалғанында серілік құрып, «Чебурашканының» әнін айтқан емес) мүмкіндік болса, тек спорт емес, қай-қай сахнадан да көрініп қалғысы келіп жүр. Кейбірі саясаттың сахнасына да қойысты… Қолда барда «алтынның» қадірін білу – ол да дұрыс шығар: батырларын қадірлей алмайтын елде, батыр болудың қажеті қанша?! Еске Әбдісалан мен Мұстафа оралады, сосын… Афины олимпиадасында ауыр атлетикадан ел қоржынына күміс медаль салған, рекордсмен – Сергей Филимонов. Бәлкім естеріңізде болар. Болмаса, оның еш айыбы жоқ: еліміздегі кезекті жағдайдың кезекті құрбаны. Қысқасы сол зілтеміршіміз қазір зілтемір машина БелАЗ-бен Ресейдің Кемерово облысында көмір тасиды. Ауыр атлеттерімізді қаңғытып жіберу біздің елде «кезекті» тенденцияға айналып кетуі ғажап емес, Ильяжан!
Сөз соңына
Қысқасы тайм-аут алу керек секілді, барлық сыртқы спорттан. Белгілі бір уақытқа. Бар күшімізді Қазақстан спортын дамытуға және осы салада белігілі бір жүйе қалыптастыруға сарқып біткенше. Әлемнің ат жарыстарынан көрінбесек те, бәйгеге қосқан атқа да дем бастыратынын білетін текпіз ғой. Әйтпесе, «дүбірлі додаларда» дүбіріміз түгілі дыбысымызды естуден қаламыз деген қорқыныш бар…

Advertisements

Written by nurbergen_maqym

Қараша 30, 2009 at 5:49 тк

5 жауап

Subscribe to comments with RSS.

  1. Бірақ неге екені маған Ильяның біраз сондай «ісі» ұнамады. Біртүрлі міндетситін сияқты…

    Akzere

    Желтоқсан 2, 2009 at 6:14 тк

  2. Айтқанығ рас-ау, Мақым мырза. Әлгі кезінде әлем рекордын жаңартқан Сергей Филимоновтың туған жерінде өмір сүре алмай, Ресейде көмір таситын машинаның рулін ұстағаны қатты қынжылтады әрі өкінішті. Ол бір сұхбатында айтыпты: «Егер Қазақстан шақырса спортқа орала алам, тым құрымаса бапкерлік қызметті де атқарар едім» деп. Әй қайдам, біздікілер қытайлық зілтеміршілерді жарылқап жүргенде өзіміздің Сергейге мойын бұра қояр ма екен…

    patick

    Желтоқсан 2, 2009 at 8:43 тк

  3. Сенің айтып отырған боксың бокс емес шоу ғой шешессс. мықты болса нормальный категорияларда шықпай ма Германия, АҚШ рейтингтеріне. ана мықты Кличко, Валуевтарға қарсы. әуесқой бокстың нәтижесі толық песдец! Легионерсіз ең таза құрама. Бірақ боксерлар шыны керек құтырып кетті, еще Буданбеков дұрыс айтады, бір сөзінде «Олимпиада чемпиондары тағы да чемпион болуға талпынбай саясатқа ұмтылуда» деп. Сәрсекбаев, Артаевтар қазір шенеунік, песдец. Ал құрамаға кіру по блату дейді ғо білгіштер, сол блатнойлардың результатын көрдік. кеше ғана дүнген, орыс, кәрістер туымызды желбіретіп алтын алып келіп ед. ультраоңшылдар шықты «қазақ жоқ наху» деп. әу йоптываймайт, көпұлтты ел сияқты едік қой. давай онда қазақтан басқа ұлттарды өлтіріп тастайық, сосын қазақтарды штанга сияқты қазаққа қиын спорт түрлеріне қинап кіргізейік. сосын бәленбай жыл медаль күтейік.

    жыным келед да просто, егер қазақ чемпион болса оған да кінә табад. айтад бля ол қазақша сөйлемейді екен дейді. қазақша сөйлейтін болса да табады айыптайтын бірдеме.

    просто қазаққа ештеңе ұнамайды да просто.

    Аршат

    Желтоқсан 4, 2009 at 12:49 тд

  4. Уытты мақала, респект!
    Алып-қосатыны жоқ осындай мақалаларды оқығанда, қазақ журналистикасына кейде үміт жылт ете қалад та…
    Бейшара Филимонов-ай!!!

    technosyndrom

    Желтоқсан 4, 2009 at 9:13 тд

  5. Жақсы мақала екен. Тайм-аут аламыз дап жүргенде, тіпті аутқа кетіп қалмайық.

    Қосақ

    Желтоқсан 9, 2009 at 9:59 тк


Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: